Қазақстанның танымал дәрігері Жақсылық Досқалиевтың аты ел ауызында аңызға айналған. Еңбек жолын ота жасаудан бастаған азамат министр қызметін де атқарды. Істі болған министрлердің ішінде ел алдына қайта келіп, өз қызметін жалғастырып жүрген азаматтың бүгінгі ойы қандай? Жақсылық Досқалиев NUR.KZ порталына эксклюзивті сұқбат берді.

– Сіз қаншалықты қолжетімдісіз, кез келген адам есігіңізді қағып, көмек сұрай алады ма?

– Әрине, қолжетімдімін. Ауырып тұрған кез келген адамға ота жасай берем. Менің көмегіме мұқтаж адамды қабылдауға дайынмын. Мен сол үшін жүрген адаммын.

– Өзіңіздің денсаулығыңыз қалай? Ота үстінде саусақтарыңыз дірілдемейді ме?

– Ақырын. Қарттықтан орташа. Менің қолым ешқашан дірілдеп көрген жоқ. Тек аяғымды сәл сілтеймін. Шүкір, әзірге үш саусақ керемет жұмыс жасап тұр.

– Халық жақтап, жоғары баға беретін азаматтар көп емес. Сіз сол санаулылардың бірісіз…

– Иә, мен қарап жүрмей сөйтем ғой, бізге бәрі жарасады (күліп). Барлығы еңбектің арқасы. Қаншама адамға өмір сыйладық, батасын алдық. Халықтың сенімін еңбегіңмен ғана иеленесің. Маңдай теріңді төгесің, табаныңды тоздырасың.

– Сіз бір сұқбатыңызда «тағдырым қиын болса да ризамын» дегенсіз. Қиындықты абақтыда болған сәтпен байланыстырасыз ба?

– Ол жақты да көріп шықтық. Дұшпанның дұшпаны баратын жер емес. Ол жаққа барып бұзылып жатқандар да бар… Жалпы біздің уақытымызда ешқандай қиындық жоқ. Біздің аталарымыз нағыз қиындыққа түсті. Соғысты көрді, аштық болды, қаншама адам қырылды. Қиындық деген сол. Біздікі бір шайдың батасына тұрмайтын нәрсе. Мен тағдырыма ризамын. Тағдыр болған соң оңай болмайды. Қиындықты аттап өтеміз.

– Сіздің кемшілігіңіз…

– Ой, менің кемшілігім көп. Сенгішпін. Кемшілігім сол деп ойлаймын. Мені кім алдамады?! Талай алдандым. Бірақ, кейін өздері қайтып келеді. Олар ұялмағаннан кейін қалай қыламын?! Пендеміз. Ол алдады екен деп оның жасағанын жасай алмаймын.

– Сіз қалай демаласыз?

– Менің үш бақытым бар: үшем немерелерім. Соларды жақсы көремін. Тілі тәтті. Мен үшін қазір солардан қызық ештеңе жоқ. Аталап әке-шешесінің үстінен шағым айтады. Алматыда тұратын балама барғанда «Астанаға алып кет» деп үшеуі киімдерін жинап жүгіреді. Одан артық не керек?! Бір ұл, бір қызымнан жеті немере көріп отырмын. Төртеуі қыздан, үшеуі ұлымнан. Ұлымда төртеу болатын еді. Біреуі қайтыс болғаннан кейін Алла бізге үшем берді. Барлық қайғыны жапты. Бұл балалар келгенде барлық жаман нәрсе ұмтылып кетті. Үйде күнде концерт.

– Сіздің түнде көз ілмегеніңізді, таңғы бестен бастап 10 сағат бойына аяғыңыздан тік тұрып, отада болғаныңызды естідік. Шаршағандық байқалмайды, көңіліңіз көтеріңкі…

– Өмірі қыл үстінде тұрған адамдарға өмір бердік. Бауыры қызмет атқарып жатыр. Отбасы, айналасы, дәрігерлердің барлығы қуанып жатыр. Осыны көріп, мен де қуанамын. Мұндай сәтте шаршағанды байқау мүмкін емес.

1 Comment

Пікірлер

8 + 6 =