29 қыркүйек. Кешқұрым шақ. Астана қаласы. Мейрамхана. Әкімдіктен келген жігіт мейрамхана директорына сөйледі:

– Мерекелердің бәрі өтті. Ендігі жоспарда – жаңа жыл мерекесі. Жаңа жыл мерекесіне орай мейрамханалар ішкі-сыртқы безендірулерін бастау керек. Сіздерге 2 апта уақыт береміз.

Мейрамхана директоры:

– Айналайын, бауырым! Енді ғана қыркүйектің аяғы болды. Жаңа жылға дейін толық 3 ай бар. Дайындықты ерте бастап кеткен жоқсыздар ма?

Әкімдік өкілі:

– Жоқ!

Мейрамхана директоры:

– Жаңа жылға ешқандай дайындық бастамаймын.

Әкімдік:

– Бұл – әкімдіктің шешімі. Оған қарсы келсеңіз, ірі көлемде айыппұл төлеуге мәжбүр боласыз.

Мейрамхана директоры:

– Бәрібір дайындықты ерте бастамаймын. Себебі, жаңа жылға дейін алда құндылығы жоғары менің қос мерекем тұр. Ол – Республика күні мен Тәуелсіздік күні. Менің ата-бабамын қанымен, жанымен келген Тәуелсіздіктің құны жаңа жылдан қашан да биік.

Жоғарыдағы диалог Астана қаласының сол жағалауындағы «Saya Sushi» мейрамханасының директоры Нұрболат Әбілхан мен Есіл ауданы әкімдігінің қызметкері арасында өрбіген. Бәлкім, көптеген мекемелердің басшылығына таңсық болмас. Байқағанымыздай, елімізде жаңа жылға дайындық 3 ай бұрын басталып кетті. Оқиғаның мән-жайын толығырақ білу мақсатында Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі мейрамхана директоры Нұрболат Әбілханнан сұхбат алды.

– Мұндай жағдай бірінші рет болды ма? Бұған дейін де әкімдік осылай 2-3 ай бұрын келетін бе еді?

– Иә, былтыр да келген, бірақ қарашада. Ал осы жылы қыркүйек бітпей жатып жаңа жылдық безендіруді талап етіп отыр.

– Өткен жылы қалай болып еді? Дайындықты қарашада бастап кеттіңіздер ме?

– Жо-жоқ, 16 желтоқсанды өткізіп, 20-сына қарай мейрамхананы безендірдік. Біздің мейрамхана бұрын Астананың оң жағалауында болатын. Ол уақытта әкімдік мейрамханамызды жиі тексермейтін.  Енді сол жағалауға, Бәйтерек маңына көшіп келгелі тексеріс жиіледі. Әкімідіктен қызметкерлер әр ай сайын келетін, осы жолы да жай ғана тексеруге келген болар деп ойладым. Бірақ жағдай басқаша болды.

– Ал сіздің мейрамханаңыздың ұжымы жаңа жылға дайындықты қашан бастайды? Және қанша қаржы бөлесіздер?

– Артымда біраз елім тұр, қолдайтындар да көп. Соған сүйеніп осы жолы жаңа жылдық безендіруді Тәуелсіздікті өткізіп алғаннан кейін бастаймын. Жаңа жылға дайындықққа артық шығынданбаймыз. Кішігірім шырша мен гирлянда үшін ары кетсе 15-20 мың шығарамыз. Осы жетеді, арнайы дайындық болмайды.

– Әкімдік жоғарғы дәржеде безендіруді талап ететін болса, не істейсіздер?

– Ондай жағдайда ақпарат құралдарына жүгінуге мәжбүр боламыз. Маған қатысы жоқ мейрамға шашылмаймын. Терезеге жарқ-жұрқ жанатын дүниелерді іліп қоямын. Қонақтар менің мейрамханамды таңдап, маған келген соң мен ол кісілерді сыйлауым керек. Алайда ұлт азаматы ретінде жаңа жылды 16 желтоқсаннан кейін безендіремін. Тұтынушыларым үшін жаңа жылдық көңіл-күй сыйлауға барынша тырысатын боламыз.

– Ал Тәуелсіздік мерекесіне орай әкімдіктен ұсыныстар бола ма?

– Ешқандай ұсыныс түспейді. Әкмідік тек жаңа жылға қарсы мазалай бастайды.

– Егер сізге айыппұл салса, оны төлеуге дайынсыз ба?

– Оны көре жатармыз… Бірақ алған бетімнен қайтпаймын, жаңа жылға дайындықты Тәуелсіздік мерекесінен кейін ғана бастаймын.

– Ал мейрамханалырыңыз Тәуелсіздікке қарсы қандай да бір шаралар өткізе ме? Өзіңіз аталмыш мерекені қалай атап өтесіз?

– Біздің мейрамхана итальян жіне жапон ас мәзірін ұсынады, көбіне суши-пицца жасаймыз. Ал қазақы дәстүрге сай тағамдарды жасаудың реті келе бермейді. Себебі, біздің бағытымыз басқа. Егер келген қонақтарымыз қандай да бір шараны тойлаймыз деп жатса, оларға ыңғайлап жасап береміз. Ал Тәуелсіздік мейрамы бір-бірімізді шын жүректен құттықтап, қуанышымзға ортақтасатын күн ретінде өтеді. Арнайы атап өтеміз деп айта алмаймын.

Расында, жаңа жыл мерекесіне әлі 3 ай уақыт бар. Алайда билік басындағы шенеуніктеріміз дайындықты бастап та кетіпті. Күні кеше Алматы әкімдігі депутаттардан жаңа жылға орай қаланы безендіруге 429 миллион 323 мың теңге бөлуді сұраған. Ал депутаттар басқармадағылардың аталмыш ұсынысын мақұлдай кеткен.

Еліміздің Тәуелсіздік алғанына алдағы жылы 27 жыл толады. Қазақстандықтар үшін ең қуанышты күнге ширек ғасыр толса да, жаңа жыл мерекесінің көлеңкесінде қалып қоя беретіні жасырын емес. 2-3 ай бұрын миллиондаған қаржы бөлініп, қызу дайындық басталып, 1 желтоқсанда-ақ әр қаланың басты шыршасы жағылады. Ал тұғыры биік Тәуелсіздік алған ұлы күн жаңа жылдың тасасында қалады. Оған бас ауыртып жатқан ешкім жоқ, аталмыш күнге ары кетсе 10 күн қалғанда көшелерге плакаттар ілініп, 17 желтоқсанда-ақ плакаттардың орнын жаңа жылдық жылтырақтар қайта басады.

Жоғарыда аталып өткендей мейрамхана, түрлі мекеме басшылығына жаңа жылдық безендіурлер талап етіледі. Қарсы келгендерді айыппұлмен қорқытады. Иә, ол да мереке… Жаңа жылды жоғарғы дәрежеде атап өту Совет үкіметі заманынан санамызға сіңіп қалған. Алайда ата-бабаларымыз талай ғасыр аңсаған, сол мақсатта жандарын қиып, қандарын төге қол жеткізген, келесі ұрпаққа мирас етіп қалдырған Тәуелсіздіктен биік тұрмау керек екені ескерілуі қажет!

Дайындаған: Гүлім ЖАҚАН

«Қамшы»

Пікірлер

8 + 1 =