ОҚО Сарыағаш ауданы Абай ауылының 17 жастағы тұрғыны енді ешқашан өздігінен бала көтере алмайды. Биыл ғана тұрмысқа шыққан келіншектің жатырын дәрігерлер алып тастаған. Басына түскен қиындықтан шығар жол іздеген Мәдина Күмісбек пен оның енесі NUR.KZ порталына хабарласып «суррогат» ана іздеп жүргенін айтты.

Мәдина Күмісбектің енесі Айгүл өрімдей жас болса да, келінінің енді өздігінен ана атана алмайтынын айтып налыды. Көзіне жас алған ана ұлының сүйіп қосылған жұбайының жатырын алып тастағанын естігенде басына жай түскендей күйде болғанын айтады.

«Келінім 17-ақ жаста. Өрімдей жас. Колледжде оқып жүргенде кезде алды ұлым. Екеуі бір-бірін сүйеді. Жас болса да, екеуінің бір-біріне деген сезімін көріп, көңілдерін жықпадық, үйлендірдік. Содан бала көтерді, жап-жақсы жүрген, барлық «анализдері» жақсы болған, 28 апталық кезінде қатты ауырып, Абай ауылындағы ауруханаға апардық.

Олар бізді Сарыағаштағы аудандық перзентханаға жіберді. Сол жерде іштегі баланың өлі екені анықталып, келініме ота жасалды. Отадан соң сегіз күн бойы ауруханада жатты. Жас қой, әлі баласы болады деп өз-өзімізді жұбаттық. Отадан соң ол жансақтау бөліміне жатқызылды. Сонда көргенім, кәдімгі жансақтау бөліміне науқастардың туыстары кіріп-шығып жүре береді екен. Негізі мен де ота жасатқанмын талай рет. Жансақтау бөліміне ешкімді кіргізбейтін», – дейді ол.

Сонымен бірге ол келіні сегіз күн бойы ауруханада жатып қалып, уақыт жоғалтып алдық дегенді алға тартты.

«Кейіннен екі адамдық палатаға ауыстырттық. Ауруханада жатқан кезде келінім қайта-қайта хабарласып, дене қызуының түспей жатқанын айтып, жылай берді. Мен ота жасаған Айша Бегалиева есімді акушер-гинекологты таппай, меңгерушіге бардым. Неге бұлай болып жатыр, өтінемін қараңыздаршы деп жалындым.

Сөйтіп болмаған соң, оны Шымкенттегі клиникалық ауруханаға алып кетті.Сөйтсек оның жатыры іріп кеткен екен ғой. Тағы бір ота жасалып, алып тастады. Дәрігер шығып айтқанда, отырған жерімнен тұра алмай қалдым. Егер сол ауруханада жатқан кезде дәрігерлер ертерек қимылдаса, басқаша болар ма еді?! Сегіз күн бойы дене қызуы көтеріліп жатты ғой. Аллаға тапсырдым оларды», – дейді шарасыз қалған ана.

Осы жайтқа байланысты Сарыағаш аудандық перзентханасының акушер-гинекологы Айша Бегалиева да пікір білдіріп, өз уәжін айтты.

«Ол қыз бізге 5 тамыз күні түнде түскен. Негізі мен ол күні кезекші болмағанмын, бірақ, мені шақыртып алды. Ұрықтың жатырдан ажырап кетуі деген диагнозбен түскен. Жатырда жатқан бала алдынан да, артынан да көгере берген, қан ішке кете берген, сыртқа шықпайды, ішке жинала береді. Жатыр былжырап көгеріп кеткен. Қыздың жасын, бірінші рет бала көтеріп отырғанын ескере отырып, жатырды қалдырған едім, үміттеніп, жақсы болып кететін шығар деген ойда.

Негізінде ондай жағдайда, медицинада егер баланың еті ажыраса, бірден алып тастаймыз. Тумаған, жас қыз болғасын, жаным ашыды. Қанша қан құйдық, өзінің инфекциялары да бар екен. Сөйтіп жатыры қалпына келмеді. Дене қызуы түспеді. Сосын облыстық ауруханада оның жатырын алып тастады», – дейді ол.

Ал енді ешқашан өздігінен бала көтере алмайтын Мәдина болса жары екеуінің әлі де ортақ баласы болатынынан үмітті. Ол енесі екеуі суррогат ана іздеп, бала сүйгісі келетінін айтты.

«Келінім тағдырлы қыз. Жас болса да, басынан талай нәрсе өткен. Махаббаты үшін күрескен. Мен оны жақсы көремін, балалардың бақыты үшін бәрін жасаймын. Балам екеуі бақытты болғанын қалаймын. Үбірлі-шүбірлі болса деп армандайтынмын. Суррогат ана жалдау 10-15 мың доллар тұрады. Не істерімді де білмеймін. Ақшамыз да жоқ», – дейді Айгүл.

Дәрігерлерге өкпесі қара қазандай болған ана енді аурухананы тексерістен өткізуді талап етуде. Оның айтуынша, дәл сол кезеңде ауруханада бір емес төрт бала шетінеп кеткен. Сондықтан ол бұл мәселе бойынша Астанадағы құзырлы органға арыз да жазғанын айтты.

Пікірлер

7 + 9 =